қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.11.2018

Зейнетақы қоры жастармен белсенді жұмыс істеуге көшті

 


 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне қатысты қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі шаралар легін жалғастыруда.

 

Әрине, еліміздің зейнетақы жүйесін, оның құрылымын толық түсінбей жатып болашақ зейнетақыны жоспарлау мүмкін емес. Сондықтан БЖЗҚ, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағынының бірыңғай операторы ретінде әр түрлі байланыс арналары арқылы маңызды, шынайы ақпаратты әрбір азаматқа жеткізуге күш салуда.

 

2018 жылдың 20 қарашасында Қордың барлық филиалдарында «Барлық салымшылар үшін қолжетімді БЖЗҚ» тақырыбында Ашық есік күні өткен еді. Оған алғаш рет жоғары сынып оқушылары мен студенттер шақырылды. Сондай-ақ, БЖЗҚ басшылығы ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесу өткізуді жоспарлаған болатын. Осыған орай алғашқы үш кездесу өткізілді.

 

22 қарашада «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры Жанара Төлегенова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (Алматы қ.) студенттерімен кездессе, Қордың Басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Алматы қ.) студенттерімен кездесіп, зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі бойынша қызықты әңгіме жүргізіп, болашақ жас мамандардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

 

23 қарашада «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

 

Спикерлер зейнетақымен қамсыздандыру мәселесінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ерекше маңызға ие екендігін жеткізді. Өйткені, жастардың болашақ жиынтық зейнетақысы жарналардың Қорға тұрақты аударылуына тікелей байланысты болады. Сонымен қатар Қор басшылығы зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер және зейнетақы капиталын көбейту жолдары туралы әңгімеледі.

 

Кездесу барысында жастардың көпшілігін Қор мен салымшылар арасындағы байланыс арналары, сондай-ақ, зейнетақы қызметтерін қашықтықтан алу мүмкіндіктері қызықтырды. Ал жұмыс істейтін студенттер азаматтық-құқықтық шарттар бойынша алған табыстан міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы сұрақтар қойды.

 

Жыл соңына дейін тағы жеті университетте осындай кездесулер өткізілмек. 26 қарашада С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар осындай кездесулер 28 және 30 қарашада Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде жалғаспақ. Ал желтоқсан айында мұндай кездесулер Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырылады.

 

Авторы: Айнаш Есали

26.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz




 



56

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler