қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
06.12.2018

«Алтын жұлдызды ұстаз»

 

5 желтоқсан күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Төреқызы Миразованың 70 жасқа толуына арналған «Алтын жұлдызды ұстаз» тақырыбында танымдық кеш өтті.

 

Кеш студенттердің Аягүл Миразованың өмір жолына арналған сахналық көрінісімен ашылды. Мұнда кейіпкердің ұстаздық, адамгершілік, тәрбиешілік қырлалы терең ашылып көрсетілді.

 

Университет ректоры, профессор Такир Балықбаев танымдық кештің беташар сөзінде Аягүл Миразованың ұстаздық және қайраткерлік еңбегіне жан-жақты тоқталып, Алтын жұлдызды ұстазға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құрметті профессоры Дипломын тапсырып, иығына профессордың мантиясын жапты.

 

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаева «Ұлағатты ұстаз, парасатты тұлға» тақырыбындағы баяндамасында Аягүл Миразованың педагогикалық қызметіне, жаңашылдығына жан-жақты тоқталды. Алматыдағы А.Миразова еңбек еткен Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының мұғалімі Ержан Арын «Өмірін мектеппен өрнектеген» тақырыбындағы баяндамасында ұлағатты ұстаздың осы білім ордасындағы өнегеге толы еңбегі туралы сыр шертті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі педагог-ғалым Шәмсия Беркімбаева Аягүл Миразованың тәуелсіз елдің жаңа мектебін қалыптастырудағы қайраткерлік істерін өнеге етті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология институтының директоры Берікжан Әлмұхамбетов Аягүл Миразованың бүкіл ұстаздық, адамгершілік тұлғасын халқымыздың даналық сөздері арқылы терең ашып көрсетсе, Алматыдағы №140 мектеп директоры Сәния Тілеубай Қазақстан ұстаздары А.Миразованы ерекше құрмет тұтатынын айтып, оған арнаған өлеңін оқыды.

 

Университеттің «Ұлағат» баспасынан шыққан Аягүл Миразова туралы кітаптың тұсауы кесіліп, Университет студенттерінің хор ұжымы «Ұстазым» әнін шырқады.

 

Кеш соңында Аягүл Миразова осы бір өнегесі мол іс-шараны өткізіп отырған университет ректорына алғыс айтып, болашақта мұғалім болатын студент-жастарға өз тілектерін арнады.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім