қазақша · русский · english
 
 
 
26.04.2024

Якут халқының «ҚЫЛ-САХА» ансамблі қонақта


2024 жылдың 24 сәуірінде Қазақстандағы Саха (Якутия) Республикасының мәдени күндері аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты Ахмет Байтұрсынұлы орталығының ұйымдастыруымен Саха Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, «КЫЛ - САХА» этникалық ансамблінің артистерімен мәдени-танымдық кездесу кеші өтті.

 

Мәдени-танымдық кеште «Кыл - Саха» оркестрінің жетекшісі, өнер қайраткері Анна Томская профессор-оқытушылар мен студенттерге Саха елінің ұлттық-мәдени құндылықтары жайында өте құнды мәліметтер берді. Сонымен бірге Саха халқының ұлттық аспаптарына таныстырылым жасады. Якутия Республикасының өнер қайраткері, «Абай» төсбелгісінің иегері Руслан Габышев ұлттық аспаптарда, оның ішінде қазақ домбырасымен де ұлы ақын Абайдың әндерін қазақ тілінде шырқады. Ансамбль өнерпаздары Анна Томская, Руслан Габышев, Афанасий Томский Саха халқының әуендерін оркестрде бірлікте ойнап, керемет өнер көрсетті.

 

Өнер қайраткерлерінің тамаша өнеріне құрметпен қошемет көрсеткен студенттер ыстық ықыластарын білдіре отырып, пікір алысты. Филология Институтының директоры Алуа Таңжарықова «Кыл - Саха» оркестрінің өнерпаздарына ҚазҰПУ ректораты атынан құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хаттармен марапаттады. Туркітанушы ғалымдар Ерлан Қасенов, Гаухар Асқарова зияткер тұлға тәрбиелеуде түркі руханиятын, Саха халқының мәдениетін насихаттаудын маңыздылығына тоқталды. Мәдени-танымдық кештің модераторы Ахмет Байтұрсынұлы орталығының жетекшісі Роза Бақбергенова өнер иелеріне шығармашылық тілек білдіре отырып, қазақтың салт-дәстүрімен ұлттық нақыштағы сыйлықтарды табыстады. «Сөзтаным» клубының өнерпазы, 1-курс студенті Шәкәрім Әлімғазы домбырамен ән шырқап, қонақ кәде көрсетті. Кеш соңында өнер иелері мен студенттер бірлікте ән шырқап, саха және қазақ халықтарының түркі өркениетінің рухани-мәдени шарықтауында өлшеусіз орны бар екендігін паш етті.

 

Мәдени-танымдық кештің ұйымдастырушы-модераторы - Ахмет Байтұрсынұлы орталығының жетекшісі Роза Бақбергенова, тәрбие бөлімінің жетекшісі Мағжан Жұмағұлов, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Арман Әбдіхалықов, «Сөзтаным» ғылыми-танымдық клубының студенттеріне тағылымы мол кеш өткізгендігі үшін алғыс білдіреміз.

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  




Кері оралу